МКҚК "№ 97 Бөбекжай балабақша" 05.10.2020 ж. "Қарттарым-асыл қазынам" атты мерекелік іс-шара болып өтті. Балаларға 1-қазан қарттар күні туралы түсінік бере отырып, қарттарға құрметпен қарауға, сыйлауға үйрету, ауызекі сөйлеу дағдысын жетілдіру
Тақырыбы: «Қарттарым – асыл қазынам»
Мақсаты: Балаларға 1-қазан қарттар күні туралы түсінік бере отырып, қарттарға құрметпен қарауға, сыйлауға үйрету, ауызекі сөйлеу дағдысын жетілдіру. Үлкенді сыйлай білуге, өз ата-бабасын ұмытпай есте сақтауға және аталы сөзден ғибрат алуға, халқымыз- дың ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздан нәр алуға, сақтай білуге тәрбиелеу. Балаларға ұлттық қадір-қасиеттер, имандылық, үлкенді қадірлеу, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керектігін түсіндіру.
Әдіс-тәсілі: Түсіндіру, ой қозғау, әңгімелесу ,сұрақ-жауап, тақпақтар айтқызу, жапсыру жұмыстарын орындау.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер.
Тәрбиеші:
-Балалар, қанекей бәріміз жылулық шеңберіне тұра қалайықшы.
Шаттық шеңбері:
Кім үлкенді тыңдаса,
Кім үлкенді сыйласа.
Үлкен болған кезінде,
Сыйлы болмақ өзі де.
Тәрбиеші:
-Мемлекетіміз 1990 жылы 14 желтоқсанда 1 - қазан қарттар күні деп есептеуге қаулы шығарды. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан - жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп - өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Міне, енді қарттар күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға - апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Балалар мен сіздерге жұмбақтар жасырайын сіздер шешуін табыңыздар. Бұл кім екен.
1-жұмбақ
Айтары мол ғұлама,
Көп жасаған бұл адам.
Әкесі ол әкеңнің,
Білер оны сұраған.
Ол кім?
(Ата)
2-жұмбақ
Аймалайды «Күнім» деп,
Мейірімді жүзі кулімдеп.
«Тәтті-ақ» дейді немере,
Бал шырындай үнің деп.
Ол кім?
(Әже)
Тәрбиеші:
-Дұрыс айтасыздар, сіздерді үнемі еркелетіп жүретін аталарың мен әжелерің. Бүгінгі мере- ке сол қарттарымызға арналған. Ендеше мына тақтадағы суретке назар аударыңыздар. Суретте кімдер бар? Төрде кім отыр, немен шұғылданып жатыр? Сол туралы айтып, әңгімелеп беріңіздер.
Сурет: «Отбасы мүшелері»
(тақтаға дастархан басына жиналған отбасы мүшелері суреті ілінеді)
Балалар әңгіме құрастырады.
Тәрбиеші:
-Дұрыс балалар ендеше қазір ойын ұйымдастыралық.
Ойын: «Кім жоқ?»
Мақсаты: Балаларды тапқырлыққа, есте сақтау қабілетін дамытуға баулу.
Шарты: отбасындағы мүшелердің атын атап, жасырынған отбасы мүшесін табу.
Тәрбиеші:
-Енді осы үлкендеріміз ата-әжелеріміз жөнінде кім тақпақ айтып береді?
1-бала
Әдептілік белгісі,
Иіліп сәлем бергені.
Алла берген ұл- қызың,
Маңдайдағы жұлдызың.
Қариясы бар адам,
Дариясы бар адам.
2-бала
Менің әжем, жыр әжем,
Шуағы мол нұр әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман - есен жүр әжем
3-бала
Ата үлкен кәріміз,
Қуат берген дәріміз.
Әуелете аялап,
Ардақтаймыз бәріміз.
4-бала
Гүл - гүл жайнап бәріміз
Кірді біздің сәніміз.
Қарттарымызды тойымен
Құттықтаймыз бәріміз.
5-бала
Ақ жаулықты әжемді
Ай нұрына теңедім.
Әр ісінен үлгі алып,
Еркін өсіп келемін.
6-бала
Күлімдеген көзіңнен
Айналайын атажан
Не үкен сый бар біздерге,
Өзің берген батадан.
Тәрбиеші:
-Рахмет балалар, менің алдымда біздің топқа арнайы мектеп оқушыларынан келген хаттар бар. Соларды оқып көрелік. Ендеше бірінші хат:
1.Қариялар – ақылды дариялар. Сіздер оларға құрмет көрсетесіз бе? Өзіңдеріңіз қарттарды қалай құрметтейсіз?
Балалар жауабы:
-Иә біз оларды сыйлаймыз, айтқандарын тыңдаймыз, жол береміз, құрмет тұтамыз.
Екінші хат:
2. Жолдың арғы жағына бір қария өте алмай тұрады. Қолында ауыр сөмкелері бар. Сен не істер едің?
Балалар жауабы:
-Барып сөмкелерін алып көмектесемін.
Үшінші хат:
3. Көшеде қыдырып келе жатыр едің. Алдыңнан бір қария кездесті. Сен неғыласың?
Балалар жауабы:
-Амандасамын, хал-жағдайын сұраймын.
Тәрбиеші:
-Тамаша жауаптар, енді бойымызды сергітіп алайық.
(Қошақаным қайда екен? Әні қосылады)
Сергіту сәті: Қошақаным қайда екен?- әні ырғағына орындалады.
Тәрбиеші:
-Тамаша, енді оқу қызметімізді жапсыру жұмыстарымен жалғастырайық. Алдарыңызға назар аударыңыздар, алдарыңызда ақ парақ бетінде өсіп тұрған ағаш бейнеленген, сол ағаштың әр бұтағына қазір біз, алдын ала өзіміз дайындап қойған отбасы мүшелеріміздің суреттерін жапсырамыз. Сіздердің отбастарыңда жайқалып бір өскен ағаштай сондықтан ағаштың ең жоғарысына отбасындағы үлкен адамымызды жапсырып, әрі қарай жас шамасына, отбасында алатын орнына байланысты суреттерді орналастыратын боламыз. Содан кейін ағашымызды жапырақтармен толықтырамыз.
(Балалар жапсыру жұмыстарын орындайды)
Тәрбиеші:
-Жапсыру жұмыстарын ойдағыдай орындап шықтыңыздар, өте тамаша. Міне бүгінгі біздің «Қарттарым – асыл қазынам» - атты қарттар күніне арналған ұйымдастырылған оқу қызметімізде аяқталып қалды. Сіздерге оқу қызметі ұнадыма, біз кімдер туралы әңгімеледік?
Балалар:
-Ұнады, біз ата-әжелеріміз, үлкен адамдар туралы әңгімеледік.
-Үлкендерді сыйлау керек деп айттық.
-Сурет бойынша әңгіме құрастырдық.
-Дидактикалық ойын ойнадық.
-Жапсыру жұмысымен шұғылдандық.
Тәрбиеші:
-Бүгінгі іс-шараға өте жақсы қатысып, сұрақтарға жауап бере білдіңіздер. Бәріміздің де отбасымызда қарттарымыз аман-сау болсын .